ҰСТАЗДАР ҮНІ

Қашықтықтан оқытудың артықшылықтары мен қиындықтары

Мен, Койлышова Айкумис Курманкуловна Шығыс Қазақстан облысы, Үржар ауданы, Егінсу ауылында «Ш.Уалиханов атындағы орта мектеп-бақша» коммуналдық мемлекеттік мекемесінің бастауыш сынып мұғалімімін. 25 жыл ұстаздық етіп келе жатқан мектеп тренерімін, III деңгейлі ұстазбын.

Құрметті әріптестер, сіздерге ұсынатын тақырып «Қашықтықтан оқытудың артықшылықтары мен қиындықтары» деп аталады. Тақырып бойынша қашықтықтан оқыту барысында кездескен қиыншылықтар мен қашықтықтан оқытудың тиімді тұстарын санамалап атап көрсетемін.

Алдымен артықшылықтарына тоқталайық. Біріншіден, ата-ана мен мұғалім арасындағы тығыз байланыстың орнауы. Себебі, бұрын, қашықтықтан оқытуға дейін мұғалім ата-анамен тоқсанына бір рет қана яғни, тоқсандық, жартыжылдық оқу қорытындысы бойынша арнайы шақырылған жиналыста кездесетін. Көбінесе жұмыс барысымен көптеген ата-аналар жиналысқа бара алмайтын. Жиналыс барысында баланың әрбір пән бойынша оқу үлгерімі, тәртібі айтылатын. Ал қашықтықтан оқыту кезеңінде ата-ана мұғаліммен күнделікті байланыста болды. Себебі, кейбір ата-аналар жаңартылған оқу бағдарламасын түсінбегендіктен оқу бағдарламасындағы тапсырмаларды орындау кезінде балаларына көмектесе алмады. Осыған орай ата-аналар тарапынан туындаған сұрақтар бойынша жауап беру арқылы бірлесе отырып, қиыншылықты еңсердік.

Екіншіден, қашықтықтан оқыту кезеңінде мен байқаған артықшылық - оқушы мен ата-ана алдында мұғалім беделінің артуы. Себебі, тапсырмаларды орындау кезінде ата-аналар балаларын өздері оқытты. Яғни, көркем жазуын қадағалап, есеп шығаруын тексерді. Ата-аналар тарпынан «Сіз оқытқанға жетпейді, сабақты түсіндіре алмай жатырмыз...» деген т.б пікірлер айтылды. Ұстаз еңбегіне құрметпен қарауды ұғынды. Мұны ата-аналардың кері байланысынан аңғаруға болады. Ал оқушыларым хабарласып, өз сағыныштарын білдіріп жатты. Осы жайттардан пандемия кезінде қоғамдағы мұғалімнің қадір-қасиетінің арта түскенін байқау қиын емес.

Қоғамдағы мұғалім мәртебесін өсіргені үшін еліміздің Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлына басымды иіп алғыс білдіремін. Сонымен қатар, кез-келген жағдайда ұстаздар қауымына қолдау көрсетіп отырған Білім министрі А.Аймағамбетов мырзаға өз атымнан зор алғыс айтамын.

Үшіншіден, қашықтықтан оқыту кезінде ата-аналардың бойындағы жауапкершіліктің артуы. Ата-ана күнделікті мұғалім жіберген тапсырманы шамалары келгенше орындатып, қайтадан мұғалімге жіберуді қадағалап отырды. Тіпті бұрын баласының сабағына салғырт қарайтын ата-ана да өз баласының үлгеріміне көңіл бөле бастады. Себебі, бала мектепте болғанда мұғалімге сенетін. Үйде оқытып жатқандықтан, сабақты түсінбей қала ма деген алаңдаушылық болған соң, сабақты меңгеруін жеткілікті дәрежеде қадағалайтын болды, яғни жауапкершілігі артты. Сондықтан, ата-ана баласының оқу үлгерімін күнделікті қадағалап, назарда ұстады.

Қашықтықтан оқытудың артықшылықтарымен қоса қиыншылықтары да болды. Атап айтсақ, басты қиыншылық - біздің ауылда интернет желісінің жоқтығы. Ғаламтор желісінің болмауынан біз оқушыларға бейнесабақтар жібере алмадық, сабақты онлайн түсіндіре алмадық. Тіпті What'sApp қосымшасын пайдалана алмадық. Оқушы мен ата-ана сабақты түсінбеген жағдайда телефонмен байланысқа шығып, түсіндіруге мәжбүр болдық. Күнделікті балаларға арналған тапсырманы қағазға жазып таратып, кешегі күнгі үй жұмыстарын жинап алып тексердік.

Екіншіден –ақпараттық құралдардың жетіспеушілігі. Интернет желісі болмағандықтан, ақпараттық құралдардың жетіспеушілігі де бізге үлкен мәселе болып тұр. Интернет желісі болса мұғалімдер   белгілі бір қосымшамен (мәселен: ZOOM, What’sApp т.б) түрлі ақпараттық технологияларды пайдалана отырып интербелсенді әдіс-тәсілдермен сабақ өткізеді. Сондықтан, балада қызығушылық оянып ата-анадан қарағанда мұғалімнің түсіндіргенін тезірек ұғады деп ойлаймын.

Үшіншіден, көпбалалы және аз қамтылған отбасыларда ақпараттық құралдарды кезекпен пайдалануы және бір мезетте тапсырмаларды орындауға мүмкіншіліктің жоқтығы - қашықтықтан оқытудың тиімсіз тұстарын көрсетеді. Көпбалалы және аз қамтылған отбасыларда бала саны көп болғандықтан смартфон, ноутбук жетіспейді. Мектеп жасында оқитын 2-3 баласы бар отбасында тек бір смартфон болуы мүмкін. Ол оқушылардың бір мезгілде тапсырма орындауына кедергі болады. Жалпы, гаджеттің зияндылығы барлығымызға белгілі: Жапонияда 14 жасқа толмаған балаға ұялы телефон бермейді, АҚШ-та әйгілі Илон Маск пен Билл Гейтстер өз балаларына ұялы телефон пайдалануға жарты-ақ сағат береді екен. Сол себепті, әсіресе бастауыш сынып оқушыларына гаджеттің зиянын ескере отырып, пайдалану уақытын шектеу дұрыс деп санаймын.

Меніңше, қашықтықтан оқыту бастауыш сынып балаларына әсіресе, 1-2 сынып оқушыларына тиімсіз сияқты. Себебі, 1-сыныптың балалары әлі қалам ұстауды білмегендіктен мұғалімдер әр оқушыға жекелей үйретеді. Кейбір ата-аналардың бастауыш сынып оқитын бірнеше баласы болуы мүмкін. Сондықтан, оқушыға қалам ұстатып жаздыруға, оқытуға кез келген ата-ананың шыдамы жете бермес. Ал, 2-сынып оқушылары 1- сыныпты толық тәмамдамады. Наурыз айынан бастап есептесек, қыркүйек айына дейін 6 ай уақыт кетеді. Енді оқып үйреніп келе жатқан бала білгенін ұмытып қалады деп ойлаймын. Сондықтан да бастауыш сынып үшін қашықтықтан оқыту тиімсіз деп санаймын. Кейбір балалар мектепте білім алғанда мұғалімнің айтқанын меңгермегенімен, құрбы-құрдастарының әңгімелеуінен тез түсінеді. Сонымен қатар, қашықтықтан оқыту кезінде алынған тоқсандық жиынтық бағалау, бөлім бойынша жиынтық бағалау (ТЖБ, БЖБ) жұмыстары баланың шынайы білім дәрежесін көрсетті деп те айта алмаймын. Өйткені ата-ана баласының жақсы баға алуы үшін тапсырма орындауға көмектесуі мүмкін. Ал мұғалім мектепте оқыған баланың тапсырманы өзі орындауын қадағалайды, оған қоса тақырыпты меңгеруіне ат салысады.

Қашықтықтан оқытудың тиімді тұстарын және қиыншылықтарын ескере отырып, мен ұстаз ретінде дәстүрлі оқытуды қолдаймын. Әсіресе, бастауыш сынып оқушылары үшін тиімді деп санаймын. Қандай жағдайда болмасын білім берудің маңызды процесс екенін түсініп, жауапкершілікпен қарағанымыз жөн. Мейлі ұстаз болсын, ата-ана болсын біз үшін маңыздысы – болашағымыз – балалардың заман талабына сай біліммен қаруланған азамат болуы. Ендеше, еліміздің ертеңі үшін бірлесе отырып еңбек етейік!