Шығыс Қазақстан облысының балабақшалары өз қызметін бастады

  Шығыс Қазақстан облысының мектепке дейінгі білім беру жүйесінде 2019-2020 оқу жылында 792 мектепке дейінгі мекеме жұмыс істейді, онда жалпы саны 59 мыңнан астам бала қамтылған.

   Мектепке дейінгі мекемелер желісі мынадай: балабақшалар – 345 (43 350 бала), оның ішінде 137 жеке меншік (16 205 бала); шағын орталықтар – 447 (16 180 бала), оның ішінде 2 жеке меншік (26 бала). Мектепке дейінгі балалар ұйымдарының кезекші топтарының жұмыс алгоритмін қатаң түрде сақтай отырып, облыста 2020 жылғы 25 мамыр күніне 117 мектепке дейінгі мекеме өз қызметін бастады, оның ішінде 407 топқа 6356 бала қабылданды, бұл осындай жастағы балалардың 11%-ын құрайды.

   Бұдан басқа, бүгін мектепке дейінгі білім беретін 1041 педагог және балабақшалардың 1050 басқа да қызметкерлері жұмысқа шықты. Облыстың мектепке дейінгі ұйымдары білім беру және тәрбиелеу қызметін алдағы жазғы маусымда кезекші топтар режимінде жүргізетін болады. Мысалы, Алтай қаласында 18 мамыр күні барлық балабақшалар ашылды, қазіргі пандемия жағдайында ата-аналарға алаңсыз еңбек етуге мүмкіншілік жасалды, себебі 1156 бала жоғары білікті 177 тәрбиешінің сенімді қолында.