Облыс мектептеріндегі кітапханалардың әдеби қоры.

   Қай заманда болмасын, адамзат алдында тұрған ұлы мұрат-міндеттердің ең бастысы – салауатты, саналы ұрпақ тәрбиелеу. Жас ұрпақтың өскелең талабын қанағаттандыруда, рухани байлығын, жалпы ой-өрісін дамытуда, жоғары эстетикалық талап-талғамын қалыптастыруда ең үлкен де ұлы тәрбие құралы – кітап. Бұлақтың дарияға бет алғанындай, әліппеден бастау алатын білім кілті кітап – оқимын деген адамның сенімді серігіне, айнымас досына айналары сөзсіз. Осынау техника дамыған заманда балалар мен жасөспірімдердің басым көпшілігі уақыттарын теледидар көруге, компьютер ойнауға, музыка тыңдауға арнайды. Бірақ, кітаптың және кітап оқудың орны бөлек, жас жеткіншектерге өз жасына сай кітап оқығандары дұрыс.

    «Кітап оқу – адам миы үшін айрықша жаттығу. Түрлі шығармалардың ішіне ойша ену адамның елестету, қиялдау мүмкіндігін арттырады.

Шығыс Қазақстан облысының білім саласында сапаны қамтамасыз ету департаменті (бұдан әрі – Департамент) облыс мектептерінің кітапханаларындағы кітап қорына мониторинг жүргізді. Білім беру бөлімдерінің берген деректеріне сәйкес, облыс мектептерінің кітап қоры шамамен 2 444 742 дана (оқулықтарды есептемегенде), оның ішінде көркем әдебиет 1 590 240 (65%), 98 153 (4%) дана - анықтамалық әдебиет, 238 719 (10%) дана әдістемелік әдебиет, 296 707 (12%) ғылыми әдебиет, 220 923 (9%) дана балалар әдебиеті.

    2018 жылы әдебиет қорын ұлғайтуға 11282,07 мың теңге бөлінген, Аягөз, Бесқарақай, Ұлан, Зайсан, Тарбағатай, Көкпекті аудандары мен Курчатов, Риддер қалаларында қаражат бөлінбеген. 2019 жылы Аягөз, Күршім аудандары мен Курчатов, Өскемен қалаларының мектептеріне әдебиет сатып алуға 11282,07 мың теңге қаражат бөлінген. 2020 жылы әдебиет қорын ұлғайтуға қаражат облыс бойынша қарастырылмаған.

   Баланы әдеби кітаптарды оқуға тарту – білімнің қайнар көзі болып табылады. Ол оның рухын сақтайды, жүрегі мен миын азықтандырады, өзін-өзі тану сезімін оятады, өз ісінің дұрыс, бұрыстығына қорытынды жасап, дәлелдей алатын, өмірдің ащысы мен тұщысынан дәм татып, өмір сүруге дайын, тірлікке бейім болуды үйретеді. Алайда, жоғарыда айтылған мәліметтерге сәйкес мектеп кітапханаларындағы балалар әдебиетінің үлесі тек 9% құрайды.

Мониторинг нәтижесі бойынша Департамент облыстың жергілікті атқару органдарына, білім басқармасына облыс мектептерінің әдеби кітап қорын ұлғайту мәселесін назардан тыс қалдырмауға ұсыныс жасайды.