Педагогтар тарапынан міндетті түрде жүргізілетін құжаттар тізбесі бекітілді

   2020 жылғы 12 мамырда Шығыс Қазақстан облысының білім саласында сапаны қамтамасыз ету департаментінің басшысы Махсутова З.А. «Орта, техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі білім беру ұйымдарының педагогтері жүргізу үшін міндетті құжаттардың тізбесін және олардың нысандарын бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрінің 2020 жылғы 6 сәуірдегі № 130 бұйрығымен таныстыру үшін облыстың қалалары мен аудандарының білім бөлімдерінің басшыларымен онлайн-кездесу өткізді.

   Бұйрықта орта білім беру ұйымдарының педагогтары толтыруы қажет құжаттардың нақты тізбесі белгіленгені, сол арқылы «Педагогтың мәртебесі туралы» Заңда және әкімшілік құқық бұзушылық кодексте белгіленген тізімнен асып кеткен құжаттарды талап етуде жауапкершілік айқындалғандығы айтылды.

   Сонымен қатар, педагогтарды Қазақстан Республикасының заңдарында көзделген жағдайларды қоспағанда, оны кәсіптік міндеттерімен байланысты емес жұмыс түрлеріне тарту және шамадан тыс есеп беруді талап ету үшін айыппұл түрінде әкімшілік жауапкершілік қарастырылғаны айтылды. Зейнеп Абдыжусуповна білім беру бөлімдерінің басшыларына педагогтарды өздерінің кәсіптік міндеттерімен байланысты емес жұмыс түрлеріне тартылуына қатысты шағымдар туындаған жағдайда Департамент шара қолданатынын, осылайша бұзушылық орын алған жағдайда жоспардан тыс тексеруді тіркейтіндігі жайлы хабардар етті.

   Егер бұзушылық жасаған адам өз кінәсін мойындаса, Департамент қызметкері әкімшілік құқық бұзушылық туралы хаттама жасамайды және кінәлі тұлғаға ескерту беру туралы қаулы шығарады. Бұзушылық қайталанған жағдайда, бұзушылықты жасаған адамға қатысты әкімшілік құқық бұзушылық туралы хаттама жасалады. Әкімшілік айыппұл 20-дан 120-ға дейін айлық есептік көрсеткішті құрайды.

   Жиналыс барысында білім беру бөлімдерінің басшылары Министрдің бұйрығын орындау, ұлттық білім беру деректер қорын толтыру, оқу жылын аяқтау және т.б. қатысты сұрақтар қойды.