Ұлы ақын мерейтойы қарсаңында өткен вебинар

   Шығыс Қазақстан облысы Білім саласында сапаны қамтамасыз ету департаменті 2020 жылғы 27 сәуір күні С.Аманжолов атындағы ШҚМУ "Абайтану" ғылыми-зерттеу орталығының ұйымдастыруымен 2020 жылдың ұлы хакім Абай Құнанбайұлының 175 жылдығына арналған "Абай шығармашылығындағы жалпыадамзаттық құндылықтар" атты Республикалық вебинарына қатысты. Онлайн семинарға республикамыздың түкпір-түкпірінен оқытушы-ғалымдар, магистранттар, студенттер қатысты.

   Вебинарды Қазақстан Республикасы педагогикалық ғылымдар акедемиясының академигі, С.Аманжолов атындағы ШҚМУ ректоры, профессор Төлеген Мұхтар Әділбекұлы ашты.

   Жаңадан ашылған «Абайтану» ғылыми-зерттеу институтының директоры, ф.ғ.д., абайтанушы ғалым Картаева Айжан Маратбекқызы модераторлық етті.

   Бағдарлама бойынша келесі спикерлер өз тәжірибелерімен бөлісіп, ой-толғамдары мен ұсыныс пікірлерін ортаға салды:

- Абай атындағы ҚазҰПУ «Хакім Абай» ғылыми-зерттеу орталығының директоры, ф.ғ.к. Шойынбет Жабал Алшынбекұлы «Хакім Абай даналығы» тақырыбында баяндама жасады. Белгілі абайтанушы ғалым Абай шығармашылығындағы «толық адам» ұғымына жан-жақты тоқталды.

- Абай атындағы ҚазҰПУ С. Қирабаев атындағы қазақ тілі мен әдебиеті кафедрасының қауымдастырылған профессоры, ф.ғ.к. Бекбосынов Марат Нұрғазыұлы «Абайдың отыз сегізінші қара сөзі хақында» тұшымды пікірлері мен толғамдарын ортаға салды.

- ф.ғ.к., М.Әуезов атындағы ОҚМУ «Абайтану» оқу-ғылыми орталығының аға ғылыми қызметкері Әліпхан Мақсат «Абай абсолютті ақиқаттар туралы» тақырыбында баяндама жасап, ұлы данамыздың ойларын Аристотель, Конфуций, әл-Фараби пайымдарымен сабақтастыра отырып, вебинар қатысушыларына қызықты ақпараттар ұсынды.

   Вебинардың жоғары деңгейде ұйымдастырылғанын атай келе, университет басшылығына, ұйымдастырушылар мен баяндамашыларға алғысымызды білдіреміз. Мұндай тағылымды шаралар жас ұрпаққа берер рухани тағылымы мол.

   Анықтама ретінде айта кетсек, университет басшылығының мұрындық болуымен 2018 жылы Абай дәрісханасы, 2019 жылы ақпан айында Польша мемлекетінде «Абайтану» ғылыми-білім беру орталығы, университет жанынан «Абайтану» ғылыми-зерттеу институты ашылды. Ғылыми кеңестің шешімімен «Абай атындағы алтын белгі», «Абай атындағы шәкіртақылар» тағайындалды.