Колледждер қашықтықтан оқыту технологиясымен жұмыс істейді

   Шығыс Қазақстан облысында 71 колледж қашықтықтан оқыту технологиясын қолдануда. Қазір онда 29275 студент білім алуда. 29275 студенттің 24947-і күнделікті сабақтармен қамтамасыз етілген. Ал қалғандары сессияға әзірлік үстінде (емтихандар, дипломдық жұмыс) немесе демалысқа жіберілген.

   71 колледждің басым көпшілігі талапқа сай қажетті құжаттармен, заманауи мүмкіндіктер қарастырылып, техникалық оқыту құралдарымен, мазмұны жан-жақты ойластырылған тиісті ақпараттық жүйелермен толық қамтылған.

   Қашықтан оқыту технологиясы қолдану арқылы оқу үдерісін ұйымдастыруға жауапты қызметкерлер тағайындалып, қашықтықтан оқыту жүйесін енгізу және оны мүлтіксіз жүзеге асыру бойынша да арнайы жауапты қызметкерлер бекітілген.

   Студенттердің өзіндік жұмысы үшін жасалған кесте, оқылған дәріс, сол секілді жүргізілген практикалық сабақ материалдары, тапсырмалары – бәрі де талапкерлердің терең білім үйренуіне оңтайлы ұйымдастырылған.

   Электрондық кітапханада жалпы білім беру пәндері бойынша сілтемелер нақты көрініс тапқан. Ол сілтемелерде арнайы пәндер бойынша оқу әдебиеттері ретімен орналастырылған. Бұл жүйе бойынша студенттер мүмкіндігінше үй тапсырмасын жүктеп, электрондық пошта, яғни олар WhatsApp, чат және басқалар арқылы кері байланыс орната алады.

   Дегенмен, бірқатар колледждерде әлі күнге дейін қашықтан оқыту технологиясы платформасы жоқ екенін айта кетелік. Онда оқыту WhatsApp арқылы жүргізіледі. Мысал ретінде, Шығыс Қазақстан техникалық-экономикалық колледжі мекемесі мен Семей қаласындағы Еуразиялық көпсалалы колледжі ЖШС-ы айтуға болады.

   Сөз түйініне келер болсақ, бүгінгі күн талабына жауап беретін кәсіби маман дайындап жатқан білім ұяларына қойылар талап аз емес. Әсіресе қашықтықтан оқыту жүйесінің рөлі ерекше. Кәсіби мектепте жастар теориалық білім мен тәжірибені ұштастыра отырып мамандық меңгерсе, өзіде нәсіпті болумен бірге, Отан-Анасының өркен жаюына кең көлемде үлесін қосатын болады.

   Қысқа мерзімде мамандық алып, өмір жолына нық қадаммен басу, сол арқылы ертеңгі бағытыңды баянды етіп белгілеу – уақыт талабы, жастар таңдауы деп білеміз.

 

Шығыс-Қазақстан облысының Білім саласында сапаны қамтамасыз ету департаменті басшысының орынбасары Б.Қ. Атыбай