Пандемия кезеңінде білім беру ұйымдарында COVID-19 коронавирустық инфекцияның таралуына жол бермеу жөніндегі шараларды күшейту туралы

        

Білім алушылар мен тәрбиеленушілердің, педагогтердің, білім беру ұйымдарының басқа да қызметкерлерінің өмірі мен денсаулығының сақталуын қамтамасыз ету мақсатында, сондай-ақ Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы жариялаған пандемия кезеңінде COVID-19 коронавирустық инфекцияның (бұдан әрі – коронавирустық инфекция) таралуының алдын алу үшін Қазақстан Республикасы Бас мемлекеттік санитарлық дәрігерінің 2020 жылғы                              12 наурыздағы № 20 қаулысының негізінде, Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы төтенше жағдай режимін қамтамасыз ету жөніндегі мемлекеттік комиссияның 2020 жылғы 16 наурыздағы № 1, 20 наурыздағы № 2 және 26 наурыздағы № 6 хаттамаларын орындау үшін БҰЙЫРАМЫН:

1. Білім беру ұйымдарының (келісім бойынша), облыстардың, Нұр-Сұлтан, Алматы және Шымкент қалаларының білім басқармаларының басшылары:

1) оқу-тәрбие қызметін жүзеге асыратын білім беру ұйымдары, оның ішінде интернаттарда, жатақханаларда санитариялық-эпидемиологиялық және алдын алу іс-шараларын күшейту бойынша шаралар қабылдасын;

2) ағымдағы жылғы 13 наурыздан бұқаралық іс-шаралар (мерекелік, концерттік, мәдени, спорттық іс-шаралар, конференциялар, семинарлар, көрмелер өткізу және т. б.) өткізуге тыйым салсын;

3)  білім алушылардың және тәрбиеленушілердің халықаралық спорттық, мәдени, туристік іс-шараларға шығуына тыйым салсын;

4) жұмыс барысында осы бұйрыққа қоса берілген Әдістемелік ұсынымдарды пайдалансын, бұл ретте білім беру қызметін көрсету туралы шарттарда, білім беру ұйымдарының жарғыларында және басқа да ішкі актілерінде бекіту мүмкіндігін, осы Әдістемелік ұсынымдарда көзделген білім беру процесіне қатысушылардың құқықтары мен міндеттерін қарастырсын;

5) осы бұйрықтың 1-тармағының 1), 2), 3) тармақшаларын ескере отырып, карантин жарияланған елді-мекендерді қоспағанда штаттық режимде мектепке дейінгі ұйымдардың қызметін жүзеге асырcын, ата-аналардың (заңды өкілдердің) қалауы бойынша балалардың еркін бару режимін қамтамасыз етсін, коронавирустық инфекция пандемиясы кезеңінде балалар болмаған жағдайда мектепке дейінгі ұйымдардағы балалар орындарының сақталуын қамтамасыз етсін;

6) штаттық режимде жұмыс істейтін ұйымдарда, оның ішінде мектепке дейінгі ұйымдарда санитарлық-эпидемиологиялық және алдын алу іс-шараларын күшейтсін және күн сайын мектепке дейінгі ұйымдарда балалардың келуіне мониторинг жүргізсін;

7) орта білім беру ұйымдарында көктемгі демалыстың ұзақтығы - 21 күн (2020 жылғы 16 наурыздан бастап 5 сәуірді қоса алғанда ) болып белгіленсін;

8) көктемгі демалыс уақытында, сонымен бірге қашықтан оқытуды ұйымдастыру кезінде педагогтерге қашықтан (білім беру ұйымынан тыс) жұмыс істеу мүмкіндігін қамтамасыз етсін;

9) орта білім беру ұйымдарында 1-11(12) сыныптарда, оның ішінде «Назарбаев Зияткерлік мектептері» ДБҰ-да, халықаралық және жеке меншік орта білім беру ұйымдарында қашықтықтан білім беру технологияларын пайдалана отырып, төртінші тоқсанның басынан 2020 жылғы 6 сәуірден бастап заңнамада белгіленген тәртіппен оқытуды ұйымдастыруды қамтамасыз етсін (келісім бойынша);

10) мектепалды даярлық сыныптар, 1-9 сыныптар үшін сағат 08.30-дан, 10-11 сыныптар үшін сағат 14.00-ден дүйсенбіден жұманы қоса алғанда ұзақтығы 30 минутқа дейінгі аралықта сабақ кестесін жасасын;

11) 2020 жылғы 1 сәуірде 1-9 сыныптар үшін сағат 09.00-ден, 10-11 сыныптар үшін сағат 14.00-ден сынама сабақтар өткізсін;

12) 2020 жылғы 2 сәуірде сағат 10. 00-де мектепалды даярлық сыныптары мен 1-4 сыныптардың ата-аналары үшін, сағат 12.00-де 5-9 сыныптардың ата-аналары үшін, сағат 14.00-де 10-11 сыныптардың ата-аналары үшін «Біздің мектепте қашықтықтан оқыту қалай жүргізіледі?» тақырыбында қашықтықтан ата-аналар жиналысын өткізсін;

13) 2020 жылғы 3 сәуірде сағат 10. 00-де мектепалды даярлық сыныптары мен 1-4 сыныптар үшін, сағат 12.00-де 5-9 сыныптар үшін, сағат 14.00-де               10-11 сыныптар үшін «Мен қашықтықтан қалай оқимын?», «Өзіңді вирустық аурулардан қалай сақтауға болады?» тақырыптарына қашықтықтан сынып сағаттарын өткізсін;

14) педагогтерден қашықтан оқытуды ұйымдастыру бойынша артық есеп талап етпесін, шығармашылық жұмыс жасауға мүмкіндік жасасын, онлайн-сабақтар өткізуді азайтып, оқытудың басқа технологияларын пайдалануды қарастырсын;

15) жергілікті атқарушы органдардың шешімі бойынша және Қазақстан Республикасының Денсаулық сақтау министрлігі Тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау комитетінің аумақтық бөлімшелерінің келісімі бойынша, коронавирустық инфекция тіркелмеген елді мекендерде, сондай-ақ қалыптасқан эпидемиологиялық жағдайға қарай, санитариялық-эпидемиологиялық қауіпсіздік, ауысым, дезинфекция, кварцтеу, желдету режимі, бір мезетте адамдардың көп шоғырлануын болдырмау шаралары сақталған жағдайда, төртінші тоқсаннан бастап оқу процесін күндізгі нысанда жалғастыруға мүмкін болатын шалғайдағы ауылдық елді мекендерде орналасқан орта білім беру ұйымдарының тізбесін бекітcін;

16) заңнамада белгіленген тәртіппен қашықтықтан білім беру технологиясы кезінде білім беру процесіне қатысушылар үшін жағдай жасау (білім беру ұйымдарының балансынан педагогтер мен ата-аналардың материалдық жауапкершілігіне беру, сондай-ақ компьютерлерді, ноутбуктар, планшеттерді сатып алу, флеш-карталар, мобильді қосымшалар және басқа да құралдар арқылы жеткілікті жылдамдықты интернетпен қамтамасыз ету) бойынша қажетті шаралар қабылдасын, бұл ретте атаулы әлеуметтік көмек алатын отбасылардан шыққан балаларға, жетім балалар мен ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларға ерекше назар аударсын;

17)  мемлекеттік орта білім беру ұйымдарында қашықтықтан білім беру технологияларын пайдалану кезінде заңнамаға және Әдістемелік ұсынымдарға сәйкес бірыңғай бағдарламалар мен тәсілдерді қамтамасыз етсін;

18) қашықтықтан білім беру технологиялары негізінде оқу процесін ұйымдастыру бойынша білім алушылар, ата-аналар, жұртшылық арасында ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын күшейтсін;

19) 1 дарынды балаларға арналған мамандандырылған білім беру ұйымдарына, гимназияларға, лицейлерге түсу үшін түсу емтихандарын өткізуді тоқтата тұрсын және кешірек мерзімге ауыстырсын;

20) қосымша білім беру ұйымдарының жұмысын 2020 жылғы 6 сәуірден бастап қашықтықтан оқыту режимінде тиісті жағдай болған жағдайда жұмыс берушінің актісін қабылдай отырып, жұмыс бағыттарының ерекшеліктерін ескере отырып, жеке тәртіппен жалғастырсын;

21) жергілікті атқарушы органдардың шешімі және Қазақстан Республикасының Денсаулық сақтау министрлігі Тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау комитетінің аумақтық бөлімшелерінің келісімі бойынша, сондай-ақ қалыптасқан эпидемиологиялық жағдайға қарай, девиантты мінез-құлықты балаларға арналған және ерекше режимде ұстайтын балаларға арналған білім беру ұйымдарының қызметін штаттық режимде жалғастырсын, бұл ретте қатаң санитарлық-эпидемиялық талаптар сақталу кажет.

22) 2020 жылғы 16 наурыздан бастап жалпы білім беретін және басқа да ұйымдар жанындағы кешкі мектептерде, техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі, жоғары және (немесе) жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру ұйымдарында қашықтықтан білім беру технологияларын қолдана отырып, оқыту процесін ұйымдастыруды қамтамасыз етсін;

23) осы бұйрықтың 1-тармағының 1), 2), 3) тармақшаларын ескере отырып, жетім балалар мен ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларға арналған білім беру ұйымдарының қызметін штаттық режимде жүргізсін және сыртқы байланыстарды толық шектейтін карантин белгіленсін;

24) кеңестер, отырыстар, кездесулер өткізуді азайтсын немесе селекторлық режимде өткізсін;

25) «Назарбаев Зияткерлік мектептері» ДБҰ, «Өрлеу» біліктілікті арттыру ұлттық орталығы» АҚ, «Талап» КеАҚ-пен бірлесіп қашықтықтан білім беру технологияларын пайдалана отырып, педагогтер мен оқытушылар үшін онлайн форматта курстар әзірлесін және өткізсін;

26) қашықтықтан оқыту жүйесін енгізу бойынша жұмыстарды жалпы үйлестіру жұмысын «Ы.Алтынсарин атындағы Ұлттық білім академиясы» РМҚМ-ге, облыстардың, Нұр-Сұлтан, Алматы және Шымкент қалаларының әдістемелік кабинеттері мен әдістемелік орталықтарына жүктесін;

27) қашықтықтан білім беру технологияларын пайдалана отырып оқытуды сапалы ұйымдастыру және қамтамасыз ету басқарма басшыларының орынбасарларына, білім бөлімі басшыларына, мектеп директорларына жүктесін;

28) жұмыс берушінің тиісті актісін қабылдай отырып, келесі қызметкерлер тобын анықтау мүмкіндігін қарастырсын:

білім беру ұйымдарының тыныс-тіршілігін және жұмыс істеуін қамтамасыз ететін қызметкерлер (әкімшілік-қосалқы, техникалық персонал);

қашықтықтан білім беру технологиялары негізінде білім беру процесін және сабақтарға қатысу мониторингін қамтамасыз ету бойынша еңбек функцияларын жүзеге асыратын қызметкерлер (оның ішінде оқу-тәрбие процесін тікелей жүзеге асыратын барлық пәндер педагогтері, кеңес беру, онлайн мастер-кластар, ойындар мен т.б. түрінде психологиялық көмек көрсететін психологтардың, білім алушылар мен тәрбиеленушілердің ұйымдастырылуына мониторингті жүзеге асыратын, қашықтық режимде мектепішілік конкурстарға білім алушылардың қатысуын, аз қамтылған, көп балалы отбасылардан шыққан білім алушылармен, девиантты мінез-құлықты балалармен, жетім балалармен және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалармен жұмысты ұйымдастыруды қамтамасыз ететін әлеуметтік педагогтер, тәлімгерлер, қосымша білім беру педагогтері, онлайн кітапханалардың жұмысын, ұсынылатын басылымдар бойынша жұмысты, кітаптарды оқу мониторингісін және басқа да қашықтық жұмысты жүзеге асыратын кітапханашылар, жеке онлайн-консультацияларды жүзеге асыратын дефектологтар/логопедтер, зертханалық және практикалық, сонымен қатар басқа да функцияларды және т.с.с. жұмыстарды қашықтық режимде өткізуді және орындалуын тексеруді жүзеге асыратын физика, химия, биология, информатика кабинеттерінің, лингафондық-мультимедиалық кабинеттердің зертханашылары, сондай-ақ әрі қарай және басқа да функцияларды қарастыру);

жеке кесте бойынша еңбек демалысына жіберілетін қызметкерлер (тәрбиешілер, әдіскерлер, мектепке дейінгі ұйымдардың басқа да қызметкерлері, педагогтер және қашықтықтан білім беру технологиялары негізінде оқытуға тартылмаған қосымша білім беру ұйымдарының басқа да қызметкерлері, педагогтер және психологиялық-педагогикалық түзету кабинеттерінің, психологиялық-медициналық-педагогикалық консультациялар-дың, білім беру жүйесінің оңалту орталықтарының басқа да қызметкерлері, жұмыс беруші айқындайтын білім беру ұйымдарының басқа да қызметкерлері);

29) Мемлекеттік жалпыға міндетті білім беру стандарттарын, оқу бағдарламарын, үлгілік оқу жоспарларын орындауды қамтамасыз етсін, сағаттарды қысқартуға жол бермесін, бекітілген штаттық кестеге (тарификациялық тізімге) сәйкес педагогтердің еңбек ақысын төлеуді қамтамасыз етсін;

30) коронавирустық инфекция пандемиясы кезеңінде білім беру қызметімен айналысуға, айырбастауға, қайта ресімдеуге, жаңа лицензия алуға өтініш беруді тоқтатсын.

2. Техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі, жоғары және (немесе) жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру ұйымдарының басшылары (келісім бойынша):

1) студенттердің ішкі және сыртқы ұтқырлығын тоқтатсын;

2) қашықтықтан білім беру технологиялары негізінде оқу процесін ұйымдастыру мүмкін болмайтын пәндер мен модульдерді неғұрлым кеш уақытқа көшірсін;

3) студенттерге стипендияларды уақтылы төлеуді қамтамасыз етсін;

4) қашықтықтан оқыту жағдайында студенттердің қатысуы мен оқуын бақылауды қамтамасыз етсін;

5) жатақханаларда карантин шартын қамтамасыз етсін;

6) қашықтықтан оқытуды ұйымдастыру бойынша оқытушылар үшін оқыту курстарын онлайн форматта ұйымдастырсын;

7) білім алушылардың үлгерімін ағымдағы және қорытынды бақылауды, аралық және қорытынды аттестаттауды онлайн режимінде өткізу үшін, білім алушыға мүмкіндік беретін онлайн проекторинг технологиясын қолдануды, білім алушының экраны мен мінез-құлқын қадағалауға, сондай-ақ бүкіл емтиханды бейне жазбаға жазуды қамтамасыз етсін;

8) техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі, жоғары және (немесе) жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру ұйымдары өз беттерінше айқындайтын тәртіпке сәйкес дипломдық (курстық) жұмыстарды (жобаларды), оның ішінде магистрлік диссертацияларды (жобаларды) онлайн режимінде қорғауды жүргізсін;

9) қашықтықтан оқыту технологиялары негізінде оқытуды ұйымдастыру мониторингісін жүзеге асыру үшін Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігінің Білім және ғылым саласындағы сапаны қамтамасыз ету комитеті мен Жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім департаментіне «бақылаушы» деңгейіндегі тиісті логиндер мен парольдерді заңнамада белгіленген тәртіппен берсін.

10) 2020 жылғы 6 сәуірден бастап қашықтықтан оқытудың күнделікті басталу уақытын сағат 14.00 -ден ұйымдастырсын.

3. Мектепке дейінгі және орта білім беру комитеті
(М.Т. Мелдебекова):

1) «Ы.Алтынсарин атындағы Ұлттық білім академиясы» РМҚМ-мен бірлесіп (Ж.О. Жылбаев):

пәндер тізбесін, оқу бағдарламаларына сәйкес оқу жүктемесінің көлемін, оқу материалының мазмұнын, қосымша материалдарды, телевизиялық сабақтарға арналған сандық білім беру ресурстарын анықтау жөніндегі жұмысты ұйымдастырсын;

телевизиялық сабақтардың тұжырымдамасын әзірлесін;

білім беру процесінің әрбір қатысушысы үшін қадамдық әдістемелік нұсқаулық әзірлесін;

телевизиялық сабақтардың кестесін құрсын;

2020 жылғы 1 сәуірге дейін сандық платформаларды айқындасын және қашықтықтан білім беру технологиялары негізінде орта білім беру ұйымдарының жұмысын қамтамасыз етсін;

қашықтықтан білім беру технологиялары негізінде оқытуды ұйымдастыру жөніндегі мәселелерді жедел шешу үшін Министрлік жанынан, сондай-ақ білім басқармалары жанынан Жобалау кеңсесін құрсын, бұл ретте тиісті бұйрықпен осы мәселе бойынша жауапты басшы орынбасарынан төмен емес лауазымды тұлғаны тағайындасын.

5. Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігінің Білім және ғылым саласында сапаны қамтамасыз ету комитеті және оның аумақтық департаменттері:

1) мектепке дейінгі, бастауыш, негізгі орта, жалпы орта, техникалық және кәсіптік, жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру бағдарламаларын іске асыратын білім беру ұйымдарында профилактикалық бақылау және жоспардан тыс тексерулер жүргізуді тоқтатсын;

2) 2019-2020 оқу жылында бастауыш, негізгі орта, жалпы орта білім беру ұйымдарында оқу жетістіктерін сырттай бағалауды өткізуді тоқтатсын;

3) орта, техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі, жоғары және (немесе) жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру ұйымдарында қашықтықтан оқытуға көшудің мониторингін (бұдан әрі - мониторинг) жүргізсін;

4) Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен қашықтықтан оқыту технологиялары негізінде оқытуды ұйымдастыру мониторингін жүзеге асыру үшін «бақылаушы» деңгейінде тиісті логиндер мен парольдерді талап етсін;

5) мониторингтің аралық нәтижесін Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігіне апта сайын ұсынсын.

6. Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігінің құрылымдық бөлімшелері мен ведомстволары осы бұйрықтан және қоса беріліп отырған әдістемелік ұсынымдардан туындайтын өзге де шараларды қабылдасын.

7. «Назарбаев Зияткерлік мектептері» ДБҰ (келісім бойынша),                         «Өрлеу» біліктілікті арттыру ұлттық орталығы» АҚ, «Бөбек» Ұлттық ғылыми-практикалық, білім беру және сауықтыру орталығы» РМҚК, «Республикалық қосымша білім беру оқу-әдістемелік орталығы» РМҚК, «Республикалық ғылыми-практикалық дене шынықтыру орталығы» РМҚК, «Ы.Алтынсарин атындағы Ұлттық білім академиясы» РМКМ, «Оқулық» Республикалық ғылыми-практикалық орталығы» РМКМ, «Түзеу педагогикасының ұлттық ғылыми-практикалық орталығы» ММ және басқа да ұйымдар (келісім бойынша) педагогтердің біліктілігін арттыру курстарының бағдарламаларын онлайн форматта өткізуді жалғастырсын, қалған бағдарламаларды 2020 жылдың екінші жартыжылдығына ауыстырсын.

8. «Балдәурен» республикалық оқу-сауықтыру орталығы, «Бөбек» Ұлттық ғылыми-практикалық, білім беру және сауықтыру орталығы балаларды қабылдауды тоқтатсын.

9. Бұйрыққа қоса беріліп отырған:

Пандемия кезеңінде коронавирустық инфекцияның таралуының алдын алу мақсатында техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі білім беру ұйымдарында оқу процесін ұйымдастыру бойынша әдістемелік ұсынымдар               (1-қосымша);

Пандемия кезеңінде коронавирустық инфекцияның таралуының алдын алу мақсатында жоғары және (немесе) жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру ұйымдарында оқу процесін ұйымдастыру бойынша әдістемелік ұсынымдар                (2-қосымша);

Пандемия кезеңінде коронавирустық инфекцияның таралуының алдын алу мақсатында қосымша білім беру ұйымдарында білім беру процесін ұйымдастыру бойынша әдістемелік ұсынымдар (3-қосымша);

Пандемия кезеңінде коронавирустық инфекцияның таралуының алдын алу мақсатында орта білім беру ұйымдарында қашықтықтан білім беру технологиялары негізінде оқу процесін ұйымдастыру бойынша әдістемелік ұсынымдар (4-қосымша);

10. Осы бұйрықтың орындалуын бақылау жетекшілік ететін Қазақстан Республикасының Білім және ғылым вице-министрлеріне жүктелсін.

11. Осы бұйрық қол қойылған күнінен бастап күшіне енеді.

Министр                                                                        А. Аймағамбетов

Пандемия кезеңінде білім беру ұйымдарында COVID-19 коронавирустық инфекцияның таралуына жол бермеу жөніндегі шараларды күшейту туралы