«Бала еңбегін қанауға қарсы 12 күн» Ұлттық ақпараттық науқаны

  Шығыс Қазақстан облысының Білім саласында сапаны қамтамасыз ету Департаменті Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігінің жоспарына сәйкес жазғы демалыс қарсаңында елімізде 2020 жылдың 1-12 маусым аралығында «Бала еңбегін қанауға қарсы 12 күн» Ұлттық ақпараттық науқаны өткізілетінін хабарлайды.

   Акция «Бала еңбегін пайдалануға жол жоқ!» ұранымен өтеді.

   Бүгінгі таңда бала еңбегін пайдалану проблемасы өзекті мәселелердің бірі болып есептеледі. Бала еңбегін қолдану дерегі көбіне тұрғындардың бұл мәселе жайында хабары болмауымен, ауыр еңбектің баланың дамуына тигізер қатерін білмеуімен сипатталады. Қазақстан Республикасының заңдарында бала еңбегіне шектеулер қойылып, оның ең нашар түрлері үшін қылмыстық және әкімшілік жазалау қарастырылған. Сондықтан да науқанды өткізудің негізгі мақсаты қоғамның назарын, соның ішінде ересектерді, балаларды және олардың ата-аналарын балалар еңбегінің ең нашар түрлерін қолданудың алдын алу мәселелеріне аудару, сондай-ақ осы саладағы құқықтық ақпараттандыру болып табылады.

   Аталған науқан шеңберінде жастар ұйымдары, ата-ана қауымы, үкіметтік емес ұйымдарды тарта отырып, облыс өңірлерінде бала еңбегінің нашар нысандары туралы жұртшылықты хабардар ету жөнінде «Дөңгелек үстелдер» мен конференциялар, тақырыптық көрмелер, «Отбасыда зорлық-зомбылыққа жол жоқ», «Түнгі қаладағы балалар», «Жасөспірім», «Көше» кең ауқымды рейдтер және т.б. әртүрлі іс-шаралар өткізіледі. Бүгінгі жас ұрпақ – болашақ Қазақстан балаларының мүдделерін қорғау үшін акция кезінде өтетін іс-шараларға қатысуға атсалысуларыңызды сұраймыз.